Chereads / CHOCO LAND / Chapter 2 - АМАНТОҒАЙ

Chapter 2 - АМАНТОҒАЙ

Жетінші сынып оқушысы Райл әрқашан ғажапқа сенетін. Бірақ ол әлі күнге дейін шын сиқырды көрген емес еді. Дегенмен, қиял әлемінде бәрі мүмкін ғой. Райл өзінің қиял әлемі туралы әпкесімен жиі бөлісетін. Әпкесі Элия болса сегізінші сыныпта оқитын. Әдетте, екеуінің әңгімесі аяқталған соң, әпкесі «сабақ оқы» деп оның басын қатыратын.

Күндердің бір күнінде, сол қиял әлеміне бір шолу жасап жатқан еді, бір кезде:

– Райл, тақтаға шық деген! – деген дауыс оны сиқырлы әлемінен мына жаққа кері қайтарды.

– Иә, апай, маған айттыңыз ба? – деп Райл өз-өзіне келу үшін уақыт ұтуға тырысты.

– Жоқ, өз-өзіме айтып тұрмын, – деп қалжыңдап қойды мұғалім.

Артқы жақта отырған сыныптастары болса, бұл келеңсіз жағдайға оталмай жатқан трактордай пыс-пыс етіп күліп жатыр. Райл орнынан тұрып, қоңыр көздерімен терезе жаққа бір қарады. Сәл кідірген соң:

– Апай, мен әлі дайын емеспін, – деп ол шындығын айтты. Биология пәнінің мұғалімі Толқын апай шыншыл оқушысының қасына келіп:

– Дәптерің де жоқ екен, – деп ашулана бастады.

Қатты ұялған Райл басын төмен қаратып:

– Жатақханада ұмытып кетіппін, – деді кінәлі дауыспен.

Сол кезде мұғалім:

– Осы басыңды неге ұмытып кетпейсің, ә? – деп шынында да ашуланғандай болды.

Сол кезде Райл ішінен «басыңды қалай ұмытасың, ол мүмкін емес қой. Осы кейбір мұғалімдерді түсінбеймін» деп ойлады. Иә, тек қана ойлап қойды, дауыстап айтуы мүмкін емес еді. Бұл мұндай логикалық тұжырымының біріншісі емес еді, бірақ мыңға да жете қоймаған шығар.

Биология пәнінің мұғалімі Райлды құрметтейтін, өйткені ол үлгерімі өте жақсы және тәрбиелі оқушы еді. Бірақ, мына «дәптер ұмыту» оқушылар арасында кеңінен жайылған сылтау болғандықтан, ашулануға тура келді.

Райл шынында сол күні дәптерін ұмытып кеткен еді. Өйткені ол биология дәптерін фантастикалық роман жазып жүрген қалың дәптер арасында қалдырып кеткен болатын. Ол роман айдаһар жайлы еді және шын мәнінде қызық еді. Райл айдаһарларды түсінде де көретін. Үстіне мініп алып, жауыздарды қырып жататын. Жетінші сыныпта оқитын бұл бозбаланың логикалық ойлау қабілеті жоғары дамыған еді. Ал, оның қиял әлемінің тіпті шегі жоқ десе де болады. Кейде мықты мұғалімдердің өзі оның сұрақтарына жауап бере алмай қалатын. Мұғаліммен болған сұхбатында:

– Ағай, қайдан білесіз, бәлкім, өміріміз ұзын бір түс шығар. Әлі ояна қоймаған шығармыз, – деп ойландырып қоятын.

Соңғы қоңырау да жақындап қалды. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айман Төреева қиындық тудырмаса, Райлдың «5»-ке шығуына ешқандай кедергі жоқ. Соңғы қоңыраудан кейін республика деңгейіндегі күрес сайысына баруы керек. Финал мәресі еді. Ал ертең ағылшын тілінен шығарма. Қалай болатынын бір құдай біледі.

Ол мектебін қатты жақсы көретін. Кешке қарай тәрбиеші ағайына барып, ағылшын тілі пәні бойынша көмек сұрап еді, Диас ағайы оған бір батырлар жыры жайлы әңгіме айтып кетті. Оның аузынан бірде-бір ағылшынша сөз шықпады. Бірақ тәрбиешісінің айтқан оқиғалары оны таңғажайып сезімдерге бөлеп, ағылшын тілі емтиханы жайлы ұмыттырып жіберді. Артынан Райл не үшін келгенін біразға дейін есіне түсіре алмай отырды. Ол сол әңгімеден ерекше күш-жігер алып, күллі әлемді билей алатындай сезінді. Ол тәрбиеші ағайын қатты жақсы көретін, өйткені оның бойынан ерекше таза қасиеттерді көретін. Әдетте оқушылар тәрбиешісінің шайына дәмді печенье жеу үшін баратын, бірақ Райлға әңгіменің дәмі тәттірек боп келетін.

Райл бір әңгімесінде:

– Диас аға, осы сіз өзге ғаламдықтарға сенесіз бе? Қалай ойлайсыз? – деп көптен басын қатырып жүрген бір сауалын қойды. Диас қолындағы «хамле» печеньесін дастарханға қойып:

– Қалай десем екен?... Сенем деуге болады. Ғаламда тіпті қаншама планеталар бар. Сандары мыңдаған, миллиондаған. Олар босқа жаратылған деп ойламаймын, – деді.

– Бірақ ғалымдар әлі күнге дейін мыңдаған планеталардың ешқайсысында тіршілік белгілерін тапқан емес. Ол қалай сонда?

– Бәлкім, олар біз іздеген формада емес шығар? – деп Диас шайын бір ұрттады.

– Яғни? – деп Райл тәрбиешісіне үңіліп қарады.

– Айтқым келгені, олар бізге ұқсамауы мүмкін. Тіпті материядан болмауы мүмкін.

– А-а, – деді Райл одан сайын қызығып.

– Физика сабағында Асхат ағай айтқан шығар. Адам айналасындағы нәрселердің тек бес пайызын ғана көре алады.

– Мәссаған, тек бес пайызын ғана ма? Соқыр екенбіз ғой, – деп Райлдың көздері бақырайып, таңғалысын жасыра алмады.

– Иә, адамзатқа әлі қаншама нәрсе ашу керек.

– Яғни, олар басқа формада болуы мүмкін дейсіз ғой.

– Иә, әрине, біз жердегі мұхит түбін зерттеп бітірген жоқпыз. Су асты әлемінен әлі де балық түрлерін тауып жатырмыз.

– Иә, мұхиттың түбі де басқа бір ғалам, – деп жас бала суып қалған қара шайына бір қарады. Артынан тезірек ұрттап іше жөнелді.

– Сондықтан, жас шәкірт, көре алмасақ жоқ деген сөз емес. Адамзаттың алдында неше түрлі құпияға толы әлемдер күтіп тұр. Бәрі өз көзқарасымызға байланысты.

Сол күні Райл жұлдыздар жайлы, жалпы ғалам туралы қатты ойланды. Түнгі аспанға қайта-қайта қарап, ерекше бір нәрсені байқап қалам ба деп үміттенді. Қайдағы ерекше... аспанның әр бұрышы ғажапқа толы еді.

* * *

Республикалық күрес чемпионаты аяқталды. Арқалық қаласының темір жол бекетінде облыс атынан кеткен палуандарды жақындары қарсы алуда. Бір таңқаларлығы, пойыз уақытында келді. Хабарландыру жалғасып жатыр:

– Астана-Арқалық бағытындағы 603-поезд бірінші жолға келіп тоқтады. Сақ болыңыздар! Вагондар саны бас жағынан басталады!

Вагонның есігі ашылып, жолаушылар түсе бастады. Жас күрес майталманының әпкесі бірінші боп жүгіріп барды. Бар даусымен:

– Чемпион! Чемпион! Менің інім – чемпион! Райл чемпион! – деп қуанғаннан айқайлап жатыр. Қасындағы сыныптастары да бұл қуанышқа қосыла кетті. Жас жолаушылар медальдарын тағып алып, түсіп жатты. Бәрі емес, әрине. Күннің көзі медальға түсіп жарқ-жұрқ етеді.

Оқушылардың туыстары, достары шарлармен, гүлдермен қарсы алып жатты. Райл да өз кезегі келгенде сөмкесін шығарып түсіп жатыр. Әпкесі жүгіріп барып, құшақтай алды.

– Қалайсың чемпион? Қалай жеттің? – деп сұрады.

– Сәлем, әпке. Бәрі жақсы. Сол пойыздағы иісті санамағанда, бәрі керемет!

– Құттықтаймын, алтын медаліңмен!

– Рақмет, өзін қалайсың? Бәрі жақсы ма? – дегені сол еді, достары келіп:

– Сәлем, Райл, құттықтаймыз! Керемет! – деп жатыр.

– Сәлем, чемпион!

– Сәлем! Құтты болсын! – деп он шақты бала құттықтап қоршап алды.

– О-о, сәлем, жігіттер. Қалдарың қалай? Рахмет!

– Әкел, көмектесіп жіберейік, – деп біреуі оның сөмкесін ала кетті. Райл таксиге дейін жеткенше бар қызығын айтып жатыр. Достары үймелеп чемпионды құшақтап жатса да, әпкесі оның қолынан жіберетін емес. Күн жылы болса да, жасыл қалпақ киіп алған жүргізуші көліктің жүксалғышына сөмкені жылдам орналастырды. Артынша тарс еткізіп жүксалғышты жауып жіберді. Әйтеуір, екеуі таксиге отырды.

– Уфф, кеттік. Нахаловка үшінші мектеп, – деп әпкесі жүргізушіге тағы бір рет мекен-жайды есіне түсіріп қойды.

– Ал, кеттік! – деп жүргізуші газды басты. Көк тойота гүрілдеп, жолдың шаңын бұрқыратып, көше бойымен ағып барады.

– Анам, әкем қалай? – деді Райл, дұрыстап отырып алған соң.

– Жақсы, жақсы. Анам үйде тамақ істеп күтіп отыр. Сенің сүйікті тамағың – ет, – деді әпкесі күлімсіреп.

– Тұздалған қияр да бар, анам саған сақтап қойған.

– О-о, керемет, ет пен қиярға не жетсін? Жолдан қатты шаршадым.

– Ал, әкешім жұмыста, кешке келеді. Айтпақшы, сәрсенбі күні Амантоғайға, әжемізге барамыз. Демалып, әжені көріп келеміз. Бізді қатты сағынып қалыпты.

– Мен де әжемді сағындым, жақсы болды, – деді інісі қуанып. – Ол жақта көп болатын шығармыз.

– Иә, бір-екі аптаға қаламыз. Ал әкем мен анашым екі-үш күн болып, қалаға қайтады, – деді Элия.

– Е, жақсы. Бірақ саған лицейдегі әпкеңсіз қиын болады ғой, – деп Райл мысқылдап, тәрбиешісін де сөзіне қыстыра кетті.

– Айтпа, Аруажан әпкені қазірден-ақ сағынып отырмын. Біздің әпкей сондай мейірімді, бізге күнде кешке шай дайындап беріп отырады, – деп Элия телефонынан тәрбиешісінің суреттерін қарай бастады.

– Бәрібір, біздің Диас ағамыз күштірек, – деп бұрқ ете қалды Райл. – Ол бізге күнде тост жасап береді. Оған қоса, артынан футбол ойнаймыз.

– Бәрібір Аружан әпке...

– Жоқ, Диас аға..., – деп олар үйлеріне жетпей жатып бір-бірімен сөз жарыстыра бастады.

– Жоқ, Аружан..!

– Диас аға..!

– Аружан!

– Диас!

– Бәрібір Аружан әпке мықты!

– Ал біз ағамызбен күресіп ойнаймыз!

– Ал біз... , ал біз әпкемен «мелек» деген ойын ойнаймыз.

– Жоқ, Диас!

– Аружан!

– Диас!

– Ару..!

– Диа..! – деп отырғанда такси де үйге жетіп қалды. Көлік Жамбыл көшесіне бұрылып номері үшінші орта мектепке қарай бет алды. Аналары қақпаның алдында күтіп тұр екен. Машинадан түсе салысымен, баласын құшақтап бетінен шөпілдетіп сүйіп жатыр.

– Құлыным, бәрі жақсы ма? – деп сұрап жатыр анасы.

Екі күннен кейін олар жанұясымен Амантоғайға жолға шықты. Баратын жер Арқалықтан жүз шақырымдай қашықта. Жол тегіс болмаса да, жүруге болады. Рөлде отырған әкесіне жиі-жиі тежегішті басуға тура келді. Бір сөзінде:

– Осы Астананың көшелеріне қайта-қайта асфальт төсей бергенше, мына жолды істеп қоймай ма? – деп ашуланып қояды.

Мерседес маркалы көк машиналары анда-санда секіріп қояды. Райл сонда да терезеден айналасына қарап отыр. Айнала түп-түзу дала, шексіз сияқты. Жер домалақ емес, тегіс сияқты әсер берді. Иә, жер бір мағынада тегіс жазықтық. Элия да алысқа қарауды ұнатады. Бәлкім, осылайша ой-өрістерін кеңейтіп жатқан болар. Болашақты ойлай білу – маңызды қабілет.

Олар жолдың бойындағы бұлақта сәл ғана аялдап, ары қарай аудан орталығына жол тартты. Жарты сағаттан кейін әжесінің үйіне жетіп қалды. Машина жасыл қақпаның алдына тоқтасымен Элия мен Райл жүгіріп барып, далада күтіп отырған әжесінің құшағына кіріп кетті.

– Балапандарым менің, шырақтарым менің..., – деп жетпіске келіп қалған әжелері немерелерін иіскеп қарсы алды. Әжелері орта бойлы, жүзінен нұр төгіліп тұрған кісі еді. Екеуі де әжелерін қатты жақсы көретін.

Келесі күнгі сағат кешкі он. Ұйықтауға әлі ерте. Екі жасөспірім әжелерінің қасына келіп, жатып алды. Бөлменің бір бұрышында әдемі сандық тұр. Бұл сандық әжеге арғы атасынан қалған еді. Кезінде талай алтын бұйымдар осы жерде сақталған. Ал қазір балалар үшін тығылмақ ойнағанда қолданылатын керемет орын.

– Әже, ертегі айтып беріңізші. Сіздің әңгімелеріңізді сағындық, – деді Элия мысықша еркелеп. Әжесі бастарынан бір сипап:

– Айтуын айтам ғой. Бірақ сендер өсіп қалдыңдар. Бала емессіңдер енді, – деді мұңайған түрмен.

Райл шын көңілмен әжесіне қарап:

– Әже, сіз ертегі айтқанда басқаша айтасыз. Шын болған сияқты түсіңдіресіз, – деді.

– Қайдам? Бірақ бала кезімде басымнан таңғажайып оқиғалар кешкенмін. Бәлкім, соның әсері болар? – деді әжесі есіне бір нәрсе түскендей.

– А-а, анау Шоко әлемнен келген адамдармен бе? – деді Райл сыбырлап.

– Оны сендерге кім айтты?

– Әкеміз, – деп жауап қатты екеуі бірге.

– Әкелерің ол оқиғалардың шын болғанына сенбейді ғой.

– Иә, білеміз. Ертегі ретінде айтып беретін, – деді Элия ыңғайсызданып.

– Бірақ, біз сізге сенеміз. Сіз ешқашан өтірік айтпайсыз, – деп Райл нық сөйледі.

– Иә, әже, айтып беріңізші. Сіздің аузыңыздан тыңдағымыз келеді, – деп Элия да қоймады.

– Ал жарайды, тыңдаңдар онда. Кішкентай кезімде мына жақын жердегі Қаражардың түбінде жиі ойнайтынбыз. Қасымда тағы екі дос қыз болды. Бір күні сол жерде мұрны ұзындау келген балаларды кездестірдік. Олар өздерін «шоки» деп таныстырды. Олар бізге көп шоколад берген еді. Біз олармен аз уақытта достасып кеттік. Олар «Шоко әлем» деген жерде тұрады екен.

– Ондай жерді естімеппін, – деді Элия бірден.

– Біз үш қыз боп сол елге бардық.

– Шын ба? Қалай?! – деді Райл шыдай алмай.

– Нақты қай жерде екені есімде жоқ. Бірақ сол Қаражардың қасындағы бір үңгір арқылы шокилердің еліне түстік.

– Мәссаған! Сосын не болды? – деп Райл тізерлеп отырып алды. Оның бүкіл зейіні әжесінде болды. Жан-жүрегімен тыңдап, ары қарай не болатынын күтіп отырды.

– Ол ел біздікіне ұқсайды екен. Бірақ үйлері шоколадтан жасалған... – деп әжелері жалғастырып келе жатыр еді, әкелері бөлмеге кіріп келді. Райлдың көзіне бір қарап:

– Апа, сол бітпейтін ертегіні айтып отырсың ба? – деді. Райл бірден ашуланып:

– Ертегі емес, шын! – деп әжесін қорғауға тырысты.

– Жарайды, жарайды, аңыз ғой. Апа, медбике келді, дайындала бер, – деп әкелері бөлмені жинастыра бастады.

– Туууфф, ең қызық жерге келгенде..., – деді Райл шыдай алмай.

– Жарайды, балапандарым, амандық болса, ертең айтып берермін. Ертең де күн бар. Ал қазір жатыңдар, ұйықтаңдар, – деді қарт кісі жай даусымен.

– Жарайды, қайырлы түн, әже, – деп екеуі әжелерінің бетінен бір сүйіп, өз бөлмелеріне кетті.